Еркін күрестен қазақстандық балуан Азамат Дәулетбеков Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия чемпионатындағы жеңісінен кейін әлемдік рейтингте көш бастады.
Ол финалдық белдесуде Өзбекстан өкілі Жабраил Шапиевті жеңді. 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен шешуші кездесу 5:1 есебімен қазақстандықтың жеңісімен аяқталды. Бұл Қазақстан үшін осы турнирдегі алғашқы алтын медаль болатын.
Осы табысының арқасында Дәулетбеков 86 келіге дейінгі салмақта 52 400 ұпай жинап, әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Осылайша ол Олимпиада чемпионы (2020) және әлемнің үш дүркін чемпионы (2018, 2022, 2023) қазіргі таңда екінші орында тұрған америкалық Дэвид Тейлорды (45 000) басып озды.
Айта кетейік, Азамат Дәулетбеков үш дүркін Азия чемпионы (2022, 2023, 2024), сонымен қатар құрлықтық турнирдің күміс және қола жүлдегері (2017, 2018).