Бішкекте (Қырғызстан) Дүйшенқұл Шопоковты еске алуға арналған халықаралық турнирде екі қазақстандық боксшы алтын медаль жеңіп алды.
17-22 сәуір аралығында Бішкек қаласында Кеңес Одағының Батыры Дүйшенқұл Шопоковты еске алуға арналған бокстан 46-шы турнир өтті. Аталмыш додада Ресей, Таиланд, Иран, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Корея және Моңғолиядан келген 200-ге жуық боксшы медальдар сарапқа салды.
Қазақстандық былғары қолғап шеберлерінен 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Бақберген Әлиасқаров финалда ринг қожайыны Даниэль Абдурахмановпен жұдырықтасуы керек еді. Алайда ол жұдырықтасудан бас тартты. Осылайша қазақстандық жекпе-жексіз чемпион атанды.
Ал 86 келіге дейінгі салмақта финалда Аман Қазанқапов Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы – қырғыз боксшысы Еркін Адылбек ұлын (2019, 2021 және 2022 жылдары қола жүлдегер атанған) жеңіп, сенсация жасады.
Айта кетейік, турнир барысында Қазанқапов өзбекстандық екі боксшы – Мирзамурад Умаров пен Мадумар Бахрамовты да жеңген болатын.