Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, ал қазір Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер боксшының әлі де бір жекпе-жек үшін рингке оралуы мүмкін екенін, бірақ оның ықтималдығы өте төмен болатынын мойындады. Осы орайда Sports.kz Том Леффлерден сұхбат алды. Ол АҚШ-тағы өнер көрсету кезінде Геннадий Головкиннің неліктен нағыз мықты қарсыластары аз болғанын түсіндірді.
— Том, көптеген сарапшылар мен бокс жанкүйерлері Геннадий Головкиннің шаршы алаңға оралуын күтуде. Кем дегенде бір жекпе-жек үшін. Ал сіздің ойыңыз қандай?
– Бокс жанкүйері ретінде сұрасаңыз, әрине, олардың тілегіне қосыла аламын. Білесіз бе, Геннадийдің Альвареске қарсы соңғы жекпе-жегінен бері мен оны тағы бір жекпе-жек өткізеді деп үміттенген едім.
– Қазір үмітіңіз бар ма?
— Өкінішке қарай, шындыққа тура қарау керек. Геннадий Қазақстанның барлық спорт саласында осындай маңызды лауазымды басқарғаннан кейін оның қайтып оралу мүмкіндігін тек теориялық жағдай деп санаймын. Оның дайындыққа, оқу-жаттығу жиынына жеткілікті уақыты болуы екіталай. Өйткені Головкиннің жаңа қызметі одан көп уақыт пен күш-жігерді талап ететін шығар.
— Тәжірибе көрсеткендей, Сауд Арабиясындағы шейхтер ғажайыптар жасауға қабілетті делік.
– Осы логикаға сүйенсек, Головкинді рингке ол тек солар қайтара алады. Бірақ бұл қандай ұсыныс екенін және Геннадийдің өзі оған келісе ме, оны елестете алмаймын. Бұл өте үлкен сұрақ. Қазір ол үшін қаржылық жағы басым деп ойламаймын. Әрине, оның қаржылық қиындықтары жоқ екені айқын.
— Бокста көп жыл бірге жұмыс істеген Головкин сіздің ең жақсы шәкіртіңіз бе?
— Ағайынды Кличколарды есептемегенде, әрине, сөзсіз.
— Сіздің мансабыңыздағы Головкиннің ең үздік жекпе-жегі қайсы?
— Егер статус бойынша алар болсақ, бұл Сауль Альвареске қарсы бірінші жекпе-жек. Онда, меніңше, Геннадий өзінің мүмкіндіктерінің шырқау шыңында болған сияқты. Тең есеп төрешілер тарапынан әділетсіз нәтиже болғаны анық. Бұл төрешінің шешімі бокс тарихындағы ең сорақы шешімдердің бірі болды. Екінші жекпе-жекте жеңіске біртабан жақын болды. Кем дегенде Геннадий тең ойынға лайық еді. Бірақ жеңіліс емес екені анық. Сондай-ақ Головкиннің Феликс Штурмды жеңген өте мықты чемпион Дэниел Гилге қарсы жекпе-жегін де ерекше деп ойлаймын. Геннадийдің Дэниелді жеңгені тамаша әсер қалдырды. Бұл Головкиннің Madison Square Garden аренасында алғашқы тарихи өнер көрсетуі болды. Ол сол кезде-ақ тарихта қалды.
— Көптеген адамдар Головкиннің менеджментін оған лайықты қарсылас таба алмады деп сынға алады.
— Бұл ақылға қонымсыз. Өйткені промоутер ретіндегі мансабымда Головкин үшін қарсыластарды таңдау маған ешқашан қиын болған емес. Геннадий АҚШ-та дүркіреп, күш-қуаты тасып тұрғанда барлық үздік боксшылар онымен кездесуге келісе қоймады: Чавес, Котто, Мартинес. Геннадий олармен жекпе-жек өткізуге дайын болды. Біз кездесу ұйымдастыру үшін бірнеше рет бар күшімізді салдық. Бірақ, өкінішке орай олар келіспеді. Тек Альварес келісті. Тағы да айта кетейін, кейде Геннадийге қарсылас табу үшін Головкиннің гонорарынан кем емес ақша төлеуге тура келетін.
— Егер Головкин бір жекпе-жек өткізу үшін боксқа оралуға келіссе, ол қазіргі орта салмақтағы чемпиондардың кез келгенін жеңе ала ма?
— Уақыт ешкімді аямайтыны анық және Геннадийдің бабына келер болсақ, қазір шырқау шыңында емес. Бірақ оның шеберлігі орта салмақтағы әлем чемпиондарының кез келгенін жеңуге жеткілікті.
— Менің түсінігімше, сіз де Головкиннің Даңқ Залына енгізілген алғашқы қазақ боксшысы болатынына шүбә келтірмейсіз?
— Сөзсіз. Геннадий мұндай құрметке лайық. Ресми түрде мансабын аяқтайтынын жариялаған бойда таңдаулылардың қатарында болатынына сенімдімін.