«Ордабасының» жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан команданың бас бапкері Александр Седневтің шымкенттік клубтан кетуіне байланысты жанкүйерлерге үндеу тастады.
«Клуб басшылығы, жаттықтырушылар құрамы, ойыншылар және біздің адал жанкүйерлеріміз қатысқан кешегі кездесуде орын алған жағдайға назар салуларыңызды сұраймын. Сол кездесуге қатысты бейресми ақпарат көздеріне тарап кеткен қауесеттер мен жалған ақпараттарды жоққа шығарғым келеді. Иә, эмоционалды түрде өрбіді, бірақ барлық тараптар тыңдалып, айтылған мәселелер ашық талқыланды. Біз бәріміз клубтың игілігі үшін жұмысымызды жалғастырамыз. Біздің айқын мақсаттарымыз бар және оларға жету үшін бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз», — деді Бауыржан Исламхан.
Айта кетейік, бұған дейін «Ордабасы» басшылығы қазір «Қызыл-Жарды» баптап отырған Әли Әлиевтің қызметіне қызығушылық танытқаны туралы ақпарат пайда болған. Ал осы ақпарат тарағаннан кейін команданың бас бапкері Александр Седнев «Қызыл-Жармен» өткен ойыннан кейін клуб басшылығына клубтан кеткісі келетінін хабарлады. Дегенмен, клуб басшылығы жиын өткізіп, бас бапкердің командада қалатынын мәлімдеді.
«Қоғамда кең резонанс тудырған «Ордабасы» клубы өкілдерінің жанкүйерлермен кездесуіне қатысты оқиға жайлы ресми түрде баяндағым келеді. Жиналғандардың барлығына команданың болашағы маңызды және оған шын көңілмен қарайтын клубтың шынайы жақтастары болды. Кездесудегі эмоционалды шиеленіс түсінікті болды, бірақ тараптар бір-бірін тыңдады, барлық шағымдар мен сұрақтар тыңдалды. Барлығы бір-біріне сәттілік тілеп, клубқа қолдау көрсетті.
Өздеріңіз білетіндей, бас бапкер Александр Седнев командадан кеткісі келетінін білдірді. Бірақ клуб басшылығымен, ойыншылармен және жанкүйерлермен әңгімелесу кезінде ол жұмысын жалғастыруды дұрыс деп тапты. Шымкент қаласының басшылығы клубтың бас бапкері Александр Седнев пен жаттықтырушылар құрамын толық қолдайтынын, олардың жұмысына толық сенім білдіретінін растаймын.Ешкім жаңа бапкер іздеген емес, іздемейді де. Клубтың барлық мүшелері штаттық режимде жұмыс істеуде және біз бірлескен күш-жігеріміздің табысты болатынына сенімдіміз. Сенімсіз ақпарат пен қауесеттерге сенуге болмайды, сондықтан біз клубтың жанкүйерлері мен ізбасарларын тек тексерілген ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», — «Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Александр Седнев «Ордабасыны» 2021 жылдан бері жаттықтырып келеді. Шымкенттік команда былтыр тарихында тұңғыш рет Қазақстан премьер-лигасын ұтып, чемпион атанған болатын. Биыл «Ордабасы» ҚПЛ-дің 5 турынан кейін үшінші орында. Көш басында «Ақтөбе» тұрса, екінші сатыда «Қызыл-Жар» келеді.