Шымкенттегі Beeline Arena ұлттық теннис орталығында Азия/Океания аймағының жасөспірімдері арасында Дэвис кубогына іріктеу кезеңінің жартылай финалистері анықталды.
Ширек финалда Сергей Квактың командасы әлемнің ең мықты командаларының бірі, жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогының алты дүркін чемпионы — Аустралия құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Қазақстан құрамасына бірінші ұпайды Дамир Жалғасбай әкелді. Ол Кэмерон Бертонды сенімді түрде жеңді – 6:3, 6:0.
Содан кейін алаңға Заңғар Нұрланұлы шықты. Ол «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін чемпионы Лейтон Хьюитттің ұлы Круз Хьюиттті 6:1, 6:0 есебімен жеңді. Өткен жылы да біздің команда ширек финалда Аустралия құрамасын дәл осындай есеппен ұтқан болатын. Осылайша, күзде Қазақстан құрамасы екінші жыл қатарынан 16 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогының финалдық кезеңінде бақ сынамақ.
Ал бүгін, 24 мамыр қазақстандық теннисшілер Гонконг құрамасымен кездеседі.