Қазақстан дзюдо федерациясы Алматыда Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин және Нұрқанат Серікбаевтың қатысуымен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде іріктеу турнирі өтеді деп жариялады. Шағын турнирдің жеңімпазы Парижде өтетін Олимпиадада ел намысын қорғайды.
Мамыр айының ортасында қазақстандық дзюдошы Мағжан Шамшадинның бапкері шәкіртінің әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасына алынбағаны әділетсіз шешім екенін айтқан болатын. Себебі 60 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингте қазақстандық спортшылар арасында Серікбаев бірінші, Шамшадин екінші, ал Сметов үшінші орында тұр.
«Халықаралық дзюдо федерациясының және Халықаралық Олимпиада комтетінің ережесі бойынша жазғы Олимпиада ойындарына дзюдодан әр салмақтан әр елден тек бір спортшы қатысады. Қазіргі таңда 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық үш спортшы, атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин Олимпиадалық рейтингте жолдама иегерлері тізімінде тұр», — делінген Қазақстан дзюдо федерациясының мәлімдемесінде.
Іріктеу белдесулері ұлттық құраманың Алматы қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясында 7 маусым күні ұйымдастырылады.
Шағын турнирдің тікелей көрсетілімі жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.