Стокгольмдегі «Френдс Арена» стадионында Швеция мен Сербия арасында өткен кездесу 3:0 есебімен қонақтардың жеңісімен аяқталды. Златан матч аяқталған соң алаңға шықты. Стадиондағы жанкүйерлер тарихтағы ең ұлы швед ойыншысына алғыстарын білдірді. Жанкүйерлер қол шапалақтап, футболшыға қошемет көрсетті. 42 жастағы экс-форвардқа естелік ретінде «көк сары» түсті жейде сыйға тартылды. Мұндай қоштасу атақты футболшыға қатты әсер етіп, ол көз жасына ерік берді.
«Швеция жейдесін кию — әлемдегі ең керемет сезім. Мен оны мақтанышпен кидім. Сонымен қатар команда капитаны болу құрметіне ие болдым. Алғашқы күннен бастап жанкүйерлер мені қолдап, мен ешқашан ұмытпайтын көптеген керемет естеліктер сыйлады. Сіздердің арқаларыңызда рекорд жаңарттым», — деді футболшы.
Сондай-ақ аңыз футболшы жастарға жылы лебізін білдірді.
«Жас ұрпаққа айтарым, армандаудан қорықпаңдар. Армандауға күшің жетпесе, менің жүріп өткен жолыма қарап, содан күш ал. Қай жерден келсеңіз де, мүмкін емес ештеңе жоқ екеніне мен дәлелмін. 25 жыл бұрын мен ең үздік боламын дедім. Көп адам күлді. 25 жылдан кейін мен осында тұрып, өзімді үздік деп айта аламын», — деді Ибрагимович.
Айта кетейік, Ибрагимович 2023 жылдың маусымында спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Шабуылшы Швеция құрамасы сапында 122 кездесуде 62 гол соққан.