Футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Әзербайжан құрамасынан жеңіліп қалды. Венгрияның Сомбатхей қаласында өткен кездесу 3:2 есебімен әзербайжандықтардың пайдасына аяқталды.
28-минутта қазақстандықтар 2:0 есебімен алға шықты. Екінші минутта Ян Вороговский есеп ашса, 26 минуттан кейін Максим Самородов таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. 42-минутта әзербайжандықтар Махир Эмрелидің соққан голынан кейін есеп айырмасын қысқарта алды.
Екінші тайм басында Эмин Махмудов (51-минут) пенальтиден гол соғып, Данил Устименконы қапы қалдырды – 2:2. 73-минутта Тұрал Байрамов айып алаңынан қақпапға дәл соққы бағыттап, командасына жеңіс сыйлады.
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасы үшін бұрынғы бапкері Магомед Адиев отставкаға кеткеннен кейінгі екінші кездесу. 7 маусымда ұлттық құрама Ереванда Армениядан жеңіліп қалды (1:2). Команданы осы матчтарда Әдиевтің штабында болған қазақстандық маман Руслан Балтиев жаттықтырды. Ал Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесов жұмысқа сәл кейінірек кіріседі.
Матч аяқталған соң Руслан Балтиев ойынға қатысты өз пікірін білдірді.
«Қос тараптың да қателіктері көп болды. Кез-келген жағдайда да жеңіліс жағымсыз, әрине. Бүгінгідей футбол тек жанкүйерлер үшін ғана ұнайтын шығар, ал бапкерлерге күрделі ойын. Не үшін? Себебі, қауіпті сәттерге толы, гол соғатын мүмкіндік екі жақтың да футболшыларында молынан болған бәсеке. Қос тараптың да қателіктері көп болды. Түзететін тұстар мен қателіктер жеткілікті. Дамытатын, жетілдіре түсетін жерлер де аз емес. Сондықтан, кез-келген жеңіліс ойлануға түрткі болады. Жұмысты қарқындатуға жақсы мүмкіндік қой былайша айтқанда. Әрбір сәтсіздіктен кейін қай жерден қателік жібергеніңді, футболшыларға ойыңды дұрыс жеткізбегеніңді түсінесің. Қателікпен жұмыс істейсің ғой. Сол үшін жіберген қателіктерімізді түзету үшін жұмыс істейміз», — деді Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Руслан Балтиев.
Осылайша, ұлттық құрама соңғы төрт кездесудің барлығында жеңіліс тапты.