2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының ашылуында Қазақстанның ту ұстаушылары туралы жаңа мәліметтер белгілі болды. Мұндай құрметке боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова ие болғаны бұған дейін ақпарат беттерінде тараған болатын.
Алайда, Спортты дамыту дирекциясының баспасөз хатшысы Аян Төлегеннің айтуынша, бұл ақпарат тек жартылай ғана шындыққа жанасады.
«Иә, үміткерлердің бірі спортшы Ольга Сафронова болды. Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ және өзгерістер болуы мүмкін», — деді Аян Төлеген.
Ойындардың ашылу салтанатында Шымбергенов Қазақстанның туын алып шығады. Бірақ, екінші ту ұстаушыға қатысты ақпарат әзірге нақты емес.
Шымбергенов – бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны, әлем чемпионы (2023) және Азия чемпионы (2022), түрлі халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ал, Сафронова Азия чемпионатында (2017) және Азия ойындарында (2014) жеңімпаз атанды.
Естеріңізге сала кетейік, Парижде жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді және 25 спорт түрінен 77 спортшымыз жалпы есепте 88 жолдама иеленді.