Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) титулдық жекпе-жек өтпей қалған соң әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына (15-0, 10 КО) ресми хат жолдады.
Естеріңізге сала кетейік, 14 шілде күні таңертең Лас-Вегаста (АҚШ) Әлімханұлы WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы чемпиондық титулды жаңазеландиялық Андрей Михайловичке қарсы (21-0, 13 КО) жекпе-жегінде қорғауы тиіс болатын. Алайда қазақстандық былғары қолғап шебері жекпе-жек қарсаңында салмақ қуалаймын деп ауруханаға түскен. Нәтижесінде жекпе-жек тоқтатылды.
WBO хатта Әлімханұлының тарапынан он күн ішінде оның жағдайы туралы толық медициналық түсініктеме беруді сұрады. Яғни оның қазіргі жағдайы туралы медициналық түсініктеме, қайта қалпына келуі және Жәнібектің рингтегі жаттығулар мен жекпе-жегін қайта бастауға физикалық және медициналық тұрғыдан қашан дайын болатыны туралы емдеуші дәрігерінің пікірі болуы керек.
«Бұйрықты орындамаған жағдайда Әлімханұлының осы келісім бойынша барлық құқықтарынан бас тартуына әкеледі және комитет WBO ережелеріне сәйкес әрекет етеді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар боксшының өзі жекпе-жектің өтпей қалғанына қатысты пікір білдірді.
«Қолдау білдіргендеріңіз үшін рахмет. Менде бәрі жақсы. Бір-екі аптада қалпыма келіп, қайта ораламын! Және маңызды жаңалық — мен орта салмақта қаламын. Мұнда менің бітпеген істерім бар!
Адамес және Лара қуануға асықпаңдар. Мен орта салмақта айқасып, барлық төрт белбеуді аламын. Менде салмақпен қиындықтар туғанда, орта дивизионда барлық боксшылар жиналып, тойлағанын естідім. Мерекелеріңнің шырқын бұзғаныма ренжімеңдер. Патша оралады және орта дивизионға әмірін жүргізеді», — деп жазды Жәнібек твиттер желісінде.
Айта кетейік, жекпе-жек тоқтатылғаннан кейін Михайловичтің командасы Жәнібекті чемпиондық атақтан айыруды және жаңазеландиялықтың алдағы бірнеше ай ішінде бос титул үшін жекпе-жек өткізуін қамтамасыз етуді талап ететінін мәлімдеген.