22-28 қыркүйек күндері Қарағанды қаласында әйелдер боксынан «Мықтылар турнирі» өтеді. Бұл жарыс қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына іріктеу болып табылады.
Турнирде 19-40 жас аралығындағы спортшылар 12 салмақ дәрежесі бойынша: 48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 81 кг, +81 кг күш байқасады. 2006 жылғы қатысушылар бас бапкердің рұқсатымен ғана жарысқа жіберіледі.
Қарағандыдағы бәсекеде боксшылар арнайы бас киімсіз шаршы алаңға шығады. Бұл өзгеріс әйелдер боксында халықаралық аренада бұдан былай бас киім болмайтынымен байланысты. Соның ішінде жаңа ереже Азия чемпионатынан бастап енгізілмек.
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) директорлар кеңесі әйелдер арасындағы жарыстарда қорғаныс бас киімін алып тастау туралы шешім қабылдады. Жаңа ереже 2024 жылдың маусымында күшіне енді. Әйелдер боксында қорғаныс дулығасын пайдаланудан бас тарту туралы шешім ұйымның 3 наурызда Сочиде өткен директорлар кеңесінің отырысында қабылданды. Бұдан былай IBA аясында өтетін турнирлерде боксшы әйелдер бас киім кимейтін болды. Мұндай шешім олардың ер әріптестерімен тең дәрежеде екенін білдіреді.