Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Бейжіңде (Қытай) өтетін WTA 1000 — China Open жарысына қатысудан бас тартты. Бұған арқа жарақаты себеп болған. Ақпаратты турнирдің ұйымдастырушылары растады. Олар өз платформаларында қазақстандық теннисшінің кортқа шықпайтынын жариялап үлгерді.
Жарыс 25 қыркүйек пен 6 қазан аралығында өтеді. Былтыр аталмыш турнирде Рыбакина Бейжіңде жартылай финалға дейін жеткен. Сондықтан биыл ұпай қорғай алмайтындықтан, 390 рейтингтік ұпайынан айырылады.
25 жастағы Рыбакина соңғы рет АҚШ ашық біріншілігінің алғашқы кезеңінде сынға түсіп, турнирді жеңіспен бастаған. Бірақ денсаулығына байланысты екінші айналымда кортқа шықпады. Одан кейін қазақстандық теннисші Сеулде (Оңтүстік Корея) өткен WTA 500 жарысқа қатыспады.
Еленаның жарыс кестесіндегі келесі турнир — 7-13 қазан аралығында өтетін Уханьдағы (Қытай) WTA 1000 турнирі.