18 жастағы Соня Жиенбаева Мадридте өткен ITF W15 сериясы турнирінің жартылай финалына шықты.
WTA рейтингінде 781-орында тұрған қазақстандық ширек финалда турнирдің үшінші ракеткасы америкалық Эми Жуды (532 WTA) 7:6 (7:0), 6:4 есебімен ұтты. Жартылай финалда Соня турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген швейцариялық Дженни Дарстқа (419 WTA) қарсы кортқа шығады.
Ал Аргентинада ITF W50 сериялы турнирінде Жібек Құламбаева корт қожайыны Джулия Риераны үш сетте 6:3, 0:6, 6:4 есебімен ұтты. Аргентиналық теннисші аталмыш турнирде бірінші ракетка болып тіркелген. Жарыстың жартылай финалына шығу үшін Құламбаева испаниялық Ирене Бурильоға қарсы ойнайды.
Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте 15-ші орындағы Әмір Омарханов Жапонияның Осака қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы беделді ITF J500 турнирінің ширек финалында колумбиялық Мигель Тобоннан (20 ITF Juniors) жеңіліп қалды.
Қазақстандық ойыншы бірінші сетте 6:4 есебімен жеңіске жеткенімен, кейін екінші сетте Тобон мықтырақ болды – 6:3. Шешуші сетте Колумбия өкілі 6:2 есебімен басым түсті.