Ертең, 4 қазанда Әлімханұлы жаңа зеландиялық Андрей Михайловичке қарсы (21-0, 13 КО) жекпе-жек өткізеді.
Бүгін баспасөз мәслихатында Михайлович Әлімханұлына ауыр сөздер айтып, қорлайтын мәлімдемелер жасады. Содан кейін боксшылардың командалары да сөзге келіп қалды. Осы орайда IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (15-0, 10 КО) менеджері Эгис Климас жаңа зеландиялық қарсыласы Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) жекпе-жек алдында өз шәкіртіне ескерту жасады.
«Бұл бокс. Сондықтан бәрі де мүмкін. Бірақ қазір біз өзімізге сенімдіміз, не істеу керектігін білеміз, Жәнібек те біледі. Мен оны рингтен сырттай бақылаймын. Егер ол эмоцияға берілсе, соңы жақсылыққа апармайды. Ол ақылмен әрекет етуі керек. Жәнібек нокаутпен оңай жеңемін дейді? Бұл мұндай жағдайлар үшін әдеттегі әңгіме. Біз бұл кәсіппен көптен бері айналысамыз және не істеу керектігін білеміз. Жұма күні кешке Жәнібек өз жұмысын жасайды», — деді Климас.
Естеріңізге сала кетейік, бастапқыда Әлімханұлы-Михайлович жекпе-жегі шілде айында Лас-Вегаста (АҚШ) өтуі тиіс еді. Бірақ қазақстандық былғары қолғап шебері салмақ қуалаймын деп соңы сәтсіз аяқталып, ауруханадан бірақ шыққан.
Боксшылар 4 қазанда Сиднейде (Аустралия) жұдырықтасады. Трансляцияның басталуы Астана уақытымен 15:00-ге жоспарланған. Бокс кешін Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.