Бүгін, 4 қазанда IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) Сиднейде (Австралия) бокс кеші аясында титулдық жекпе-жек өткізді. Оның қарсыласы жаңа зеландиялық Андрей Михайлович (21-1, 13 КО) болды.
Бірінші раундта бір-бірінің осал тұсын тапқан боксшылар сақтық танытты. Бірақ Әлімханұлы жаңа зеландиялыққа бірнеше рет жойқын соққылар бағыттады.
Екінші раундта Әлімханұлы Михайловичті қатты есеңгіретіп жіберді. Нәтижесінде жаңазеландиялық боксшы рингтің еденіне құлады. Соған қарамастан төреші нокдаун санап, Андрей орнынан әрең тұрды.
Үшінші раундта Михайлович лайықты соққылар алғанымен, аман қалды. Боксшылар тоғызыншы раундқа дейін жұдырықтасты. Тоғызыншы раундтағы Әлімханұлының жойқын соққысына Михайлович шыдай алмады.
Естеріңізге сала кетейік, бастапқыда жекпе-жек шілде айында Лас-Вегаста (АҚШ) өтуі тиіс еді. Алайда қазақстандық боксшы ауруханаға түсіп, кездесу кейінге шегерілген болатын.