Неміс спринтері және «шабарманы» Рюдигер Зелиг (34 жаста) қазақстандық Astana Qazaqstan Team командасымен 2024 жылғы маусымға бір жылдық келісімге қол қойды.
«Мен үшін «Астанамен» келісім-шарт жасау спринтте не істей алатынымды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Менің ойымша, Микаэль Мёркёв пен Кейс Бол секілді әлемдегі ең мықты шабармандармен бірге біз әлемдік велоспорттың аңызы Марк Кавендиштің үлкен жеңістерге жетуі үшін тамаша команда бола аламыз. Кім біледі, мүмкін, тіпті тарихта қалармыз. Менің ойымша, бізде күш пен тәжірибенің тамаша үйлесімі болады. Сондай-ақ команданың тағы бір жаңа спринтері Макс Кантерге өзінің спринтер ретіндегі әлеуетін толық ашуға көмектескім келді. Astana Qazaqstan Team командасының жаңа концепциясы мен жаңа шабандоздары туралы естігенде, бұл мені бірден қызықтырды. Менде тезірек осы үлкен және өршіл жобаның бір бөлігі болуға үлкен мотивация бар және жаңа маусымның басталуын тағатсыздана күтемін», — деді Рюдигер Зелиг.
Зелиг жетекші спринтерлерге жетістікке жетуге көмектесетін «шабарман» ретінде кеңінен танымал болғанына қарамастан, неміс шабандозының қол жеткізген бірқатар маңызды жеке нәтижелері де бар. Сонымен, 2013 жылы ол «Лимбург классикасы», 2015 жылы «Аустрия турының» прологында жеңіске жетті, 2017 жылы «Альмерия классикасында» екінші орынға ие болса, 2018 жылы «Словакия турының» кезеңдерінің бірінде жеңіске жетті. Сондай-ақ, Рюдигер Зелиг «Джиро д’Италия» және «Испания Вуэльтасының» кезеңдерінде бірнеше жүлделі орындарға ие болды.
«Біз үшін Рюдигер Зелиг тек Марк Кавендиш үшін ғана емес, тағы бір спринтер Макс Кантер үшін де спринт көшін күшейтетіні анық. Зелиг біраз жылдар бойы өте танымал шабандоздармен, спринтерлермен және классикалық жарыс мамандарымен жұмыс істеген тәжірибелі және жылдам «шабарман». Менің ойымша, бұл толықтырумен біздің спринттік топ толық қалыптасып, жаңа маусымға бағытталған жұмысты бастай аламыз», — деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.