Бокстан ел ішіндегі ірі бәсеке Астана қаласына 11 жылдан кейін ғана ұйымдастырылды. Бұл турнирдің ерекшелігі — 2020 жылдан кейін қайта ұлттық құраманың негізгі боксшылары (Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы) қатысатын дода.
Бокстан 13-19 қараша күндері аралығында Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде VI жазғы Спартакиада өтуде. Аталмыш жарыста Солтүстік Қазақстан облысынан өзге 16 облыс және 3 мегаполистен 177 боксшы 13 салмақта (46-48, 51, 54, 57, 60, 63,5, 67, 71, 75, 80, 86, 92,+92) жеңімпазды анықтайтын болады. Одан бөлек, кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүрген Тұрсынбай Құлахмет (80 келі), Бекзад Нұрдаулетов (80 келі), Нұрсұлтан Аманжолов (+92 келі) қайта бақ сынауға мүмкіндік алды.
Өкінішке қарай ел мықтыларын анықтайтын VI Спартакиадаға Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) қатыспайды.
Жазғы Спартакиаданың алғашқы жарыс күні 48, 54, 67, 75, 86 келі салмақтағы спортшылар 1/8 финалдың жекпе-жектерін өткізді. Турнир барысында ел чемпионы Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), «Elorda Cup» бәсекесінің жеңімпазы Тимур Қабдеш (54 келі), жастар арасында Қазақстан чемпионы Армат Арманұлы (75 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Аманбек Қазанғапов (86 келі) сынды боксшылар жарысты сәтті бастады. Ал 75 келідегі фавориттердің қатарынан саналған Аятулла Тәкіжанов жастар арасындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқаровқа 1:4 есебімен жол берді. Бүгін екінші жарыс күні 51, 57, 60, 71 келідегі боксшыларымыз сынға түсетін болады.