2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында бүгін Словения мен Қазақстан құрамалары арасындағы ойын өтетін «Стожице» стадионына Венаның «Рапид» және Италияның «Торино» клубтарының өкілдері келеді. Скауттардың назары ақтөбелік шабуылшы Максим Самородовқа ауды.
Бұған дейін 21 жастағы футболшыға аустриялық клуб қызығушылық танытқаны хабарланған болатын. Сондай-ақ қызығушылық танытқан командалар тізімінде түріктің «Трабзонспоры» да болды.
Словения — Қазақстан кездесуі 20-қарашадан 21-қарашаға қараған түні Люблянада өтеді және Астана уақытымен 01:45-те басталады.
Самородов – Ақтөбе футболының түлегі. Ұлттық құрамаға 2021 жылдан бастап шақырту ала бастады. Өткен Қазақстан чемпионатында ол «Ақтөбе» сапында 24 кездесу өткізіп, 5 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталы шабуылшының нарықтағы құнын 900 мың еуроға бағалап отыр.