Қазақстан жастар құрамасы 7 және 11 ақпан аралығында Минскіде өтіп жатқан «Болашақ кубогі» халықаралық турниріне қатысты. Біздің құрамаға қарсы Ресейдің 16 және 17 жасқа дейінгі командалары, сондай-ақ 20 жасқа дейін Беларусь командасы ойнады. Сонымен қатар Кубок аясында 3х3 форматындағы жарыстар өтті.
Қазақстан жастар құрамасының турнирдегі алғашқы кездесуінің бірінші кезеңі Беларусь құрамасына қарсы алаң иелерінің 2 доп басымдығымен аяқталса, екінші кезеңде Александр Мигунов бір гол соғып үлгерді. Көп ұзамай Беларусь хоккейшілері тағы да гол соқты. Семен Симонов екінші кезеңнің соңғы минутында есеп айырмасын минимумға дейін қысқарта білді. Ойынның үшінші кезеңінде алаң иелері тағы екі гол соғып, басымдықтарын нығайтып, 5:2 есебімен жеңіске жетті.
Екінші ойынында хоккейшілеріміз Ресейдің 18 жасқа дейінгі құрамасымен кездесті. Бірінші кезең тең дәрежеде тартысты өтті. Командалар гол соғып, 1:1 есебімен үзіліске кетті. Ойынның екінші бөлігінде қарсылас бірінші минуттан-ақ басымдылыққа ие болып, жауапсыз бес гол соқты. Бесінші гол жіберіп алған соң Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы қақпашыны ауыстырды. Үшінші кезеңде ресейлік хоккейшілер тағы екі гол соғып, басымдықтарын нығайтты. Қорытынды есеп — 8:1.
Болашақ кубогіндегі соңғы ойында Қазақстан жастар құрамасы Ресейдің U17 құрамасымен ойнады. Бірінші кезең хоккейшілеріміздің еншісінде қалды – 2:1. Артур Гросс пен Асанәлі Русланұлы көзге түсті. Екінші таймның алғашқы минуттарынан бастап қарсыластарымыз біздің қақпаға қатарынан 6 гол соғып, бұған Кирилл Ляпунов пен Владимир Корчагиннің екі голымен жауап қайтара білді. Бірақ бұл аздық етті. Қорытынды есеп ресейлік ұжымның пайдасына 4:7 есебімен аяқталды. Осылайша, құрамамыз ресейлік жастардан жеңіліс тапты.