17 ақпанда Белекте «Ордабасы», «Елімай», «Тобыл» және «Ақтөбе» клубтарының қатысуымен маусым алдындағы Winter Cup турнирі басталды.
Белекте Премьер-Лига клубтары маусым алдындағы Winter Cup турнирінің шешуші ойындарына жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазақстандық футболшылар жүлде қоры 100 млн теңгені құрайтын қомақты сыйақыны сарапқа салмақ.
Бұрын-соңды отандық клубтардың оқу-жаттығу жиындарына көп көңіл бөлінбеген еді. Биыл командалар қомақты сыйлық ұтып алуға мүмкіндік алса, жанкүйерлер өз клубтарының алдағы футбол маусымына дайындығын көру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар бұл жарыс Премьер-лигаға дайындалуға көп көмектеседі.
Айтпақшы, биыл «Елімай» футбол командасы премьер-лигада алғаш рет өнер көрсетеді. Дебютанттың ел чемпионы «Ордабасыға» қарсы ойынын футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев те тамашалады. Себебі, оның алдында Еуро-2024 іріктеуі аясында Грекияға қарсы маңызды кездесуге ойыншыларды жасақтау міндеті тұр.
Winter Cup турнирінің қатысушылары матчтарды Анталия провинциясындағы «Титаник Делюкс» стадионында өткізуде. Табиғитөсенішпен жабдықталған стадион бір кездері Бундеслига аясында Германия клубтары, Қазақстан мен Молдованың жолдастық ойынын және бірқатар елдер құрамаларының ойындарын қабылдаған.
21 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 15:30-да футбол жанкүйерлері «Елімай» және «Ақтөбе» клубтары арасындағы үшінші орын үшін ойынды тікелей эфирде көре алады. Кешкі сағат 20:30-да «Ордабасы» мен «Тобыл» турнирде жеңіске жету үшін нағыз шайқас өткізбек. Бұл ойын Қазақстан Суперкубогының алдындағы «дайындық» деген лақап атқа ие болды. Турнир жеңімпазы 60 миллион теңге алады, ал екінші орын иегері 40 миллион теңге сыйақы алатынын да айта кетейік.