«Барыс» плей-офф қатысушысына есе жіберді.
Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті ойынын «Автомобилистке қарсы өткізді. Астанада өткен матч 4:1 есебімен қонақтардың жеңісімен аяқталды. Кездесудің басында командалар соғылған голдармен алмасып үлгерді. Аркадий Шестаков аймаққа кіре берер жерден тамаша соққысымен есеп ашты. Қонақтар бұған Алексей Макеевтің дәл соққысымен жауап қатты. Сонымен қатар Екатеринбургтіктер сапынан И.Осипов (9-минут), Артем Каштанов (37-минут) және Александр Севостьянов (56-минут) көзге түсті.
Кездесу аяқталған соң «Барыс» бас жаттықтырушысының міндетін атқарушы Олег Болякин матч нәтижесіне байланысты пікір білдірді.
«Мұнда ерекше ауыз толтырып айтар ештеңе жоқ. Қарсылас ойын тізгінін уысынан жібермеді. Әр ойында жіберіп жатқан қателіктеріміз голдар мен жеңілістерге әкеп соқтыруда. Бүгін төртінші гол, әрине, үлігілі болды. Қарсыласқа гол соғудың орнына, өз қақпамызға гол жіберіп алдық. Мен осыған дейін айтып жүргенімдей бізге резерв жетіспейді. Бізде тізімде тағы екі жарақат алғандар бар: Савицкий мен Шалапов. Жігіттерге үй айдынындағы ойындар сериясын жеңістен бастау керек деп айттық. Бірақ, өкінішке орай, болар іс болды», — деді Болякин.
«Барыс» – «Автомобилист» 1:4 (1:2, 0:1, 0:1)
1:0 – 00:59 – Шестаков (ЛаБейт, Хенкель)
1:1 – 02:50 – Макеев (Голышев, Да Коста)
1:2 – 08:46 – Осипов (Голышев, Да Коста)
1:3 – 36:36 – Каштанов
1:4 – 55:32 – Севостьянов (Кизимов)
Осы жетістігінің арқасында «Автомобилист» 80 ұпай жинап, Шығыс кестесінде бесінші орынға ие болды. Ал «Барыс» 48 ұпаймен 12-орынға жайғасты.