Африкада UCI Africa Tour турнирінің ең беделді көпкүндік жарысы — «Руанда туры» өтті. Кигали маңындағы соңғы сегізінші кезең көптеген асуларды, соның ішінде тастақты жолды қамтыды. Astana Qazaqstan Development Team командасының қазақстандық шабандозы Ильхан Достиев жарысты белсенді өткізіп, соңғы шақырымдарда жойқын шабуылдар сериясын бастады.
Нәтижесінде Достиев кезеңдегі үшінші жүлделі орынға ие болып, жалпы қорытынды есепте «Руанда Турының» күміс жүлдегері атанды. 21 жастағы Ильхан үшін бұл спорттық мансабындағы ең үлкен нәтиже.
««Руанда турына» тамаша көңіл-күймен келдім және жақсы нәтиже көрсеткім келді. Жарыстың жалпы маған сәйкес келетінін және өзімді таулы кезеңдерде көрсете алатынымды білдім. Біріншіден, мен жекелей жарыста жақсы өнер көрсеттім, бұл жалпы есеп үшін күреске қосылуға мүмкіндік берді. Осылайша, келесі кезеңде мен өз позициямды сақтауға, әрқашан басқа фавориттермен бір топта болуға тырыстым. Әрине, команда маған үлкен қолдау көрсетт. Бүгінгі күн өте маңызды және шешуші кезең болды. «Руанда турында» жеңіс тұғырына көтерілгеніме өте қуаныштымын және осы керемет апта үшін бүкіл командаға, шабандоздар мен қызметкерлерге алғысымды білдіргім келеді», — деді Ильхан Достиев.
«Ильхан үшін бұл маусымдағы екінші жарыс болды. Сонымен қатар оның кәсіби командалармен жарысу тәжірибесі аз еді. Шынын айтқанда, Ильхан бізді таң қалдырды. Ол жарыс жолын өте жақсы жүріп өтті. Содан кейін әр кезеңде жеңіс тұғырынан көрінді. Әрине, жақсы нәтиже. Әсіресе ірі кәсіпқой командалармен күресте, бізді қуантпай қоймайды. Менің ойымша, біздің құрлықтық құрама үшін өте маңызды жетістік», — деді Astana Qazaqstan Development Team спорттық директоры Сергей Яковлев.