Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы Владимир Никитин канадалық «Чиллифук Чифс» қақпасына гол соқты. 19 жастағы Никитин Британдық Колумбияда жасөспірімдер лигасында ойнайды. Осы маусымда ол 19 матч өткізіп, өз қақпасына бағытталған соққылардың 90,2 пайызын қайтарды. Матч аяқталған соң Никитин гол соққаннан кейін алған әсерімен бөлісті.
«Голдан алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Мен мұндайды мүлде күткен жоқпын. Гол соққым келді. Бірақ, олай болады деп ойламадым. Жігіттер келіп, бірден мені құшақтап, құттықтады. Қақпаға оралғаннан кейін тағы бір минут азшылықта ойнауға тура келді. Мен қобалжып кеттім, не болып жатқанын түсінбедім. Ойын біткен соң барлығы қасыма келіп, айқайлап, құттықтап жатты. Киінетін бөлмеде әрбір ойыншы бірнеше рет құттықтады, ал жаттықтырушылар: «Бұл керемет болды!», — деді қазақстандық хоккейші.
Өткен жазда Никитин «Оттава сенаторларында» өнер көрсеткен.
«Маусым барысында, Оттаваның қақпашылар жаттықтырушысымен байланысып, дұрыс немесе қате ойнаған кейбір ойын сәттерін талдадым. Одан өзім де көмек сұрай аламын. Менімен скауттар байланыста. Соңғы ойыныма скаут келіп, Канадада ойнаған ұнай ма деп сұрады», — деп қоса кетті Никитин.
Никитин Екібастұз хоккей мектебінің түлегі. Канадаға дейін «Барыс» сапында Қазақстанның жастар лигасында өнер көрсеткен. 2023 жылдың сәуірінде Никитин жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (18 жасқа дейін) құрамамызға элиталық дивизионға оралуына көмектесті және турнирдің үздік қақпашысы деп танылды.
Айта кетейік, «Чифс» 4:1 есебімен жеңіске жетті, ал Никитин соңғы голды соғып, үшінші кезеңнің соңында қарсыластың бос қақпасын дәл көздеді. Ойын барысында қазақстандық қақпашы 23 соққының 22-сін қайтарды.