3-11 наурыз аралығында бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында 114 елден 668 спортшының қатысуымен әлемдік лицензиялық турнир өтуде.
Италия төрінде керілген шаршы алаңда бүгін 80 келідегі боксшымыз Нұрбек Оралбай жұдырықтасты. Қарсыласы Гаити елінің өкілі Кедрик Белони-Дюльепре болатын. Жекпе-жек басталғаннан тізгінді қолында ұстаған жерлесіміз қарсыласынан әлдеқайда шеберлігін көрсетіп, еш қиындықсыз келесі айналымға шықты. Енді Нұрбек шаршы алаңға 8 наурызда шығады.
Бусто Арсицио қаласында өтіп жатқан әлемдік лицензиялық турнирде әлем чемпионы Махмұд Сабырхан алғашқы жекпе-жегінде Эфиопия спортшысы Лета Фикеремариам Яадесаны 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Енді жерлесіміз келесі айқасын 8 наурыз күні 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері Саравут Сукзетке (Таиланд) қарсы өткізеді.
Сонымен қатар қыздар арасында 60 келіде шаршы алаңға шыққан Римма Волосенко бірінші айналымды сәтті өткерді. Тринидад және Тобаго елінің өкілі Тианна Гуимен кездескен жерлесіміз төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Лицензиялық турнирде 51 келіде сынға түскен әлем чемпионы Сәкен Бибосынов бірінші жекпе-жегінде Гонконг спортшысы Каннет Там Чунды 3 раундта мерзімінен бұрын ұтты. Енді жерлесіміз 1/16 финалда Кения өкілі Дэвид Каранча Мачариамен жұдырықтасады.
Жалпы, бокстан Қазақстан еншісінде әзірге екі жолдама бар. 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен әйелдерден 57 келідегі Карина Ибрагимова Париж Олимпиадасына баруға мүмкіндік алған еді.