Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан Олимпиадалық лицензиялық турнирде жарыстың үшінші күні шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшылардың барлығы дерлік қарсыластарын тізе бүктірді.
60 келі салмақ дәрежесіндегі аруымыз Римма Волосенко Әлемдік лицензиялық турнирдегі екінші жекпе-жегін де жеңіспен аяқтады. Венгриялық Петра Сабомен кездескен ол бірінші раундтан бастап тізгінді қолына алып, төрешілердің бірауызды шешімімен турнирдің 1\8-финалына өтті. Тіпті, бірінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді.
Ал 71 келідегі әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов алғашқы қарсыласы Сэм Мороватиді 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді. Енді Асланбек келесі айқасын 7 наурызда өткізеді.
Сонымен қатар әлемдік лицензиялық турнирдің үшінші күні 63,5 келідегі боксшымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жарқын жеңісімен қорытындыланды. Тринидад және Тобаго елінің өкілі Доннел Филиппен кездескен ол жекпе-жекті бірден қарқынды бастап, қарсыласын бірінші раундта-ақ қаймықтырып тастады. Ал одан кейін айқасты жетесіне жеткізу қиын болмады. Үшінші раундта нокдаун тіркелді. Енді Мұхаммедсабыр 1/16 финалдағы кездесуін 7 наурызда өткізеді.
Бүгін Әлемдік лицензиялық турнирдің төртінші жарыс күні. Шаршы алаңға үш жерлесіміз шығады. Айбек Оралбай алғашқы айқасын өткізбек.Ал Сәкен Бибосыновты екінші кездесуі күтіп тұр. Қыздар арасында Римма Волосенко турнирдегі үшінші жекпе-жегіне шығады.