Бокстан Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық жарыста 60 келідегі Римма Волосенко үшінші жекпе-жегінде өз мықтылығын танытты. Жерлесіміз Уругвай спортшысы Камилла Паоло Пинейродан айласын асырып, дәл соққыларын дарыта білді. Сондай-ақ, Римма 2-раунд барысында қарсыласын нокдаунға да жіберді.
Әр жекпе-жек сайын Римманың жұдырықтасу мәнері құбылып әрі құлпырып келеді. Оған қоса боксшымыздың қатарынан 3 күн жұдырықтасқанын да айта кетейік.
Кездесу аяқталған соң бұрымды боксшымыз жекпе-жекке қатысты өз пікірімен бөлісті.
«Бәрі жақсы. Бапкердің тапсырмасын орындадым деуге болады. Әрине, есеп ашқан өте жақсы. Бұл дұрыс бағытта келе жатқанымды білдіреді. Маған сенім артып отырған адамдар, барша қазақстандықтар маған күш береді, жігерлендіреді. 60 келі – бәсекелестік жоғары салмақ. Сондықтан, әрине, мен дайын болдым. Демалып, жекпе-жекті және келесі қарсыласты сараптап, жұмысты жалғастыруым керек», — деді Волосенко.
Жалпы, бокстан Қазақстан еншісінде әзірге екі жолдама бар. 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен әйелдерден 57 келідегі Карина Ибрагимова Париж Олимпиадасына баруға мүмкіндік алған еді.