Бүгін Қазақстан кубогы аясында «А» тобында 1 турда «Ертіс» — «Хан-Тәңірі», «Оқжетпес» — «AKAS» командалары арасында матч өтеді.
32-ші мәрте өткелі жатқан ел кубогы 11 наурыздан 29 қыркүйекке дейін жалғасады. Оған Премьер-лиганың 13 клубы және Бірінші, Екінші лиганың 19 командасы қатысады. Турнир 5 кезеңнен тұрып (алдын ала кезең, 1/8 финал, 1/4 финал, 1/2 финал және финал), футбол жанкүйерлері тартысқа толы 41 ойынға куә болады.
Айта кетейік, 1/8 финал және 1/4 финалдың кездесулері бір ойыннан тұрады. Алдын ала кезеңнің матчтары Шымкент қаласында «Биік» спорт кешенінде өтеді.
Ширек финал ойындары 8 мамыр, ал жартылай финал 29 мамыр мен 19 маусымда өтеді. QFL Қазақстан кубогының жеңімпазы 29 қыркүйекте анықталады.
«Серый CARDINAL» телеграм-арнасының мәлімдеуінше футболдан Қазақстан кубогының финалы Ақтөбеде өтеді.
«Шешуші ойын 29 қыркүйекте өтеді. Бұл соңғы алты-жеті жылда Ақтөбеде өтетін ел футболындағы екінші маңызды кубок үшін өтетін екінші финалдық матч. Финалдың Ақтөбеде өтуі аттас клубтың жеңісті көздеп отырғанының дәлелі. Айта кетейік, «Ақтөбе» Қазақстан кубогын 2008 жылы жеңіп алған. Тағы екі рет, 1994 және 2014 жылдары команда финалға шықты. Бірақ «Восток» пен «Қайраттан» жеңілді», — деп хабарлады басылым.