Бейсенбі, 14 наурыз күні Дубайда (БАӘ) Қазақстан мен Түркменстан құрамалары арасында жолдастық кездесу өтеді. Бұл матч Қазақстан құрамасының Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында плей-офф ойындарына дайындық аясында өтеді.
Бұл қарсыластар үшін де жәй спарринг емес. Өйткені Түркменстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу матчтарына дайындалуда. 21 және 26 наурызда олар Иран құрамасына қарсы ойнайды. Алдымен сыртта, сосын өз алаңында Иранды қабылдайды. Сондықтан екі команда дайындық барысында бір-біріне көмектесіп, бақылау ойынын өткізеді.
Кездесудің жабық форматта өтетіні белгілі болды. Екі жақтың федерациялары бірлесе осындай шешімге келді. Бұл стадион трибунасына трансляция да, көрерменді де кіргізбейді деген сөз.
Бірақ, екі команданың да міндеті жаңа комбинацияларды, тактикалық элементтерді әзірлеу және оның барлығын қарсыластарынан жасыру екені анық. Өйткені Қазақстанды да, Түркменстанды да турнирлік маңызы бар маңызды кездесулер күтіп тұр.
Бұл Қазақстан мен Түркменстан құрамаларының соңғы 30 жылдағы алғашқы кездесуі болмақ. Қазақстан құрамасы алғашқы ресми ойынын 1992 жылы маусымда Түркменстанға қарсы өткізді. Ол уақытта Алматыда алаң иелері Владимир Нидергаустың голының арқасында жеңіске жетті. Сол жылдың қыркүйек айында олар Түркменстан астанасы Ашхабадта қарымта матч ойнап, командалар тату-тәтті тең тарқасты – 1:1. Қазақстан мен Түркменстан өзара үш кездесу өткізді. Қазақстан құрамасы бір жеңіске жетсе, тағы екі кездесу тең аяқталды.
Алдағы жолдастық кездесуде Грекиямен өтетін матчқа құрама ойыншыларының дайындығын толық сынау мүмкін емес. Мұның бәрі бірнеше негізгі ойыншының Түркменстанға қарсы ойнамайтындығына байланысты. Олардың қатарында Бахтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов бар. Екеуінің де алда Түркия Суперлигасының бір кезеңі бар. Оның үстіне Нұралы Әліптің қатысуы да екіталай. Өйткені, бір күн бұрын Әліп Ресей кубогында матч өткізіп, содан кейін ғана ұлттық құрамаға аттанады. Екіншіден, Нұралы дисквалификацияға байланысты Грекияға қарсы ойнамайды. Сондықтан 21 наурыздағы кездесуге оның кандидатурасын қарастыру мүмкін емес.
Түркменстан құрамасының бапкерлер штабы наурыз айындағы матчтарға 24 футболшыны шақырды. Басым көпшілігі жергілікті чемпионатта ойнаса, тек үшеуі шетелде ойнайды. Олардың қатарында белорусиялық «Витебскінің» 23 жастағы қорғаушысы Вепа Джумаев, қырғыздың «Абдыш-Ата» командасының 23 жастағы жартылай қорғаушысы Теймур Чарыев және гонконгтық «Китчи» командасының 32 жастағы футболшысы Руслан Минғазов бар. Сондай-ақ Түркменстан құрамасының сапында бұрын ҚПЛ-да өнер көрсеткен 33 жастағы Асланмурад Аманов бар. Ол «Оқжетпес» (2009, 2012) және «Ертіс» (2014) сапында 38 кездесу өткізіп, екі гол және бес нәтижелі пас берген. Ұжымды 36 жастағы жас маман Мерген Оразов басқарады. Ол бұл қызметті 2023 жылдың қаңтарынан бастап атқарып келеді.
Естеріңізге сала кетейік, 21 наурызда Қазақстан құрамасы Грекиямен кездеседі. Афинада құрмамамыз Еуро-2024 плей-офф кезеңінің жартылай финалдық ойынын өткізеді. Жеңіске жеткен жағдайда Қазақстан құрамасы іріктеу финалына шығып, Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен сырт алаңда ойнайды.