Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Майамиде (Флорида, АҚШ) өткен WTA 1000 Miami Open турнирінің финалында жыл жеңіліс тапты. Шешуші кездесуде 24 жастағы спортшы 30 жастағы америкалық Даниэль Коллинзге есе жіберді.
Финалдық кездесу 7:5, 6:3 есебімен америкалық теннисшінің жеңісімен аяқталды. Матч екі сағат екі минутқа созылды. Рыбакина екінші жыл қатарынан Майамидегі беделді турнирдің финалында жеңіліп қалды. Бір жыл бұрын шешуші кездесуде Еленаны тәжірибелі чехиялық Петра Квитова тоқтатқан болатын.
Ал Колинз биыл спорттық мансабындағы соңғы маусымын өткізіп жатыр және алғаш рет WTA 1000 санатында жеңіске жетті.
Кездесу аяқталған Елена матчқа қатысты пікірін білдірді.
«Өткен жылы мен Индиан-Уэллстен келіп, «дубль» жасағым келді. Барлығы маған бұл өте қиын болатынын айтты. Мұнда екі жақсы матч өткізіп, финалға шықтым. Сондықтан жалпы көңілім қалды деп айта алмаймын. Менің ойымша, былтырғы және биылғы жылы жақсы нәтиже көрсеттім. Әрине, финалда жеңілу оңай емес. Бірақ түптеп келгенде бұл үлкен жетістік деп ойлаймын», — деді Рыбакина.
Осылайша екінші жыл қатарынан Елена Рыбакина Miami Open турнирінің финалында жеңіліс тапты. Соған қарамастан, ол жақсы өнер көрсеткені үшін қомақты сыйақы алады. 24 жастағы қазақстандық теннисші турнирдің финалына шыққаны үшін 585 мың АҚШ доллар (261,26 миллион теңге), ал турнир жеңімпазы америкалық Даниэль Коллинз 1,1 миллион долларға (491,26 миллион теңге) табыс тапты.