31 наурызда Анталияда (Түркия) дзюдодан «Үлкен дулыға» турнирінің соңғы жарыс күні өтті. Қазақстан құрамасы жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Дәл кешегідей дзюдошыларымыздың ешқайсысы жарыстың финалына шыға алмады. Осылайша Қазақстан құрамасы турнирді бір медальмен аяқтады. Оның авторы Әбиба Әбужақынова. Ол 48 келіге дейінгі салмақта үшінші нәтиже көрсетті. Әбужақынова жартылай финалға шығып, үш дүркін әлем чемпионы жапониялық Нацуми Цунодадан жеңіліп қалды.
Үшінші орын үшін болған белдесуде ол ресейлік Сабина Гилязовамен жекпе-жек өткізді. Қарсылас үш ескерту алып, Абиба жеңімпаз атанды. Гилязова Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2021, 2023).
Айта кетейік, 60 келіге дейінгі дзюдодан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Нұрқанат Серікбаев 29-31 наурыз аралығында Анталияда өткен «Үлкен дулыға» кезеңіне қатыспады. 2024 жылдың 22 наурызында Серікбаев мансабында алғаш рет Тбилисиде өткен «Үлкен дулыға» кезеңінің жеңімпазы атанды. Нәтижесінде спортшы бірден Анталиядағы жарысқа жолдама алды. Дегенмен, бапкерлер штабы шешімін өзгертіп, дзюдошы Анталиядағы кезеңнің орнына Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысатын болды.
Турнир жеңімпаздары 1000, күміс жүлде үшін 700, ал қола жүлдегерлер 500 рейтингтік ұпайға ие болды. Қазақстандық спортшылардан ерлер арасында 6 салмақ дәрежесінде, әйелдер арасында 11 салмақ дәрежесінде сынға түсті.