Шәміл Сафиуллин бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметінен босатылды.
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері болып Сайдалин Елдос Жәнібекұлы тағайындалды. Бапкерлік өтілі 16 жылдан астам. Қарағанды облысы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде жаттықтырушы болған.
Осы орайда жаңа қызметке тағайындалған Елдос Сайдалин Olympic.kz сайтына шағын сұхбат беріп, жаңа қызметте қандай міндеттер күтіп тұрғанын айтты.
«Мұндай қызметті сеніп тапсырғаны үшін басшылыққа үлкен алғысымды айтамын. Иә, алда бір ғана лицензиялық турнир қалды. Атқаратын жұмыс көп. Жауапкершіліктен қорқып, қашсам да болатын еді. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтыру – менің арманым! Әрі команданың қазіргі жағдайына қанық болған соң, жауапты сәтте жалтару бапкерлігіме сын болар еді.
Бас құраманың қыздарын жақсы білемін. Барлығы да әлемдік деңгейдегі боксшылар. Талай жарыстарда шыңдалған. Сол себепті, бар күшімізді салып, соңғы лицензиялық жарыста мейілінше көп жолдама алуға тырысамыз. Сондай-ақ, командада тәртіп орнату – ең бірінші мақсат болмақ. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, — деген Бауыржан Момышұлы. Сондықтан, тәртіпке баса назар аударамыз», — деді Қазақстан әйелдер құрамасының жаңа бас бапкері.
Айта кетейік, Елдос Сайдалин 2020 жылдан бері әйелдер боксынан Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамаларының аға бапкері. Оның жетекшілігімен 2021 жылғы Әлем чемпионатында қыздарымыз 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген. 2022 жылы Әлем чемпионатында жастар құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ал 2023 жылы Астанада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қыздары ел қоржынына 8 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль салды. Сондай-ақ, былтыр Арменияда өткен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік додада 3 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды.