Астанада 23 мамыр мен 5 маусым аралығында Бангкок қаласында (Таиланд) өтетін лицензиялық турнирге бару құқығына таласып жатқан қазақстандық боксшылар арасындағы іріктеудің бірінші күні аяқталды. Елордадағы спарринг сәуірдің онына дейін жалғасады.
Ерлер арасында 63,5 келіге дейінгі салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен Ертуған Зейнуллинов арасында ширек финалдық кездесу өтіп, Базарбайұлы жеңімпаз атанды. Ол ертең, 9 сәуірде жартылай финалда Жандос Қыдыралиевпен жұдырықтасады. Тағы бір жұпта Серік Теміржанов пен Дулат Бекбауов кездеседі. Дәл осы салмақта еліміздің былғары қолғап шеберлері лицензия иеленген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ерлер арасында Сәкен Бибосынов (51 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (57 келіге дейін), Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін), Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін), Айбек Оралбай (92 келіге дейін) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) Олимпиада жолдамаларының иегерлері атанды.
Сондай-ақ бүгін әйелдер арасында 50 келіге дейінгі салмақта финалдың жеңімпазы анықталды. Бұл жұпта Алуа Балқыбекова Назым Қызайбаймен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Қызайбай жеңіске жетіп, лицензия үшін өтетін жарысқа баратын болды.
54 келіге дейінгі салмақта төрт жартылай финалист анықталды: Жайна Шекербекова Балауса Мұздиманды жарыс жолынан шығарды, Ұлжан Сәрсенбек Элина Базарованы ұтты. 2016 жылғы әлем чемпионы Дина Жоламан мен Сымбат Әлиасқар арасындағы жекпе-жекте нағыз сенсация орын алды. Кездесу Жоламанның жеңілісімен аяқталды. Ал Әнел Сақыш Сәния Сұлтанқызын жеңді. 66 келіге дейінгі салмақта 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының жүлдегері Дариға Шәкімова Наталья Богдановадан жеңіліп қалды.
Айта кетейік, әйелдер арасында тек Карина Ибрагимова (57 келіге дейін) 2024 жылғы Олимпиадаға лицензия жеңіп алған болатын. Басқа салмақ санаттарында (50, 54, 60, 66 және 75 келі) бұрымды боксшыларымыз Парижге әзірге квота алған жоқ.