Astana Qazaqstan Development Team шабандозы Давиде Тонеатти Белград – Баня Лука көпкүндігінің екінші кезеңінде жеңіске жетті. 149 шақырымды құрайтын жарыстың екінші күні Зворниктен басталып, Власеницада мәресіне жетті. Кезең қорытындысы бойыншы қазақстандық команданың шабандозы жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы финалдық спринттің соңғы метрлерінде қауіпті іс-әрекет жасағаны үшін жарыстан шеттетілді. Бұл Давиденің маусымдағы алғашқы жеңісі екенін де айта кетейік.
«Кезең қиынға соқты. Шабуылдар көп болды. Бізге көп нәрсені бақылауға тура келді. Нәтижесінде команда шабуылдаушы шабандоздарды бізден алыстатпау үшін жақсы жұмыс жасады. Соңғы асуда топ бір қатарға тізіліп, мен дұрыс позицияны таңдап, нәтижесінде жақсы спринт көрсете алдым. Алғашқы жеңісіме қуаныштымын. Енді жарыстың тағы екі кезеңі бар», — деді Давиде Тонеатти.
Ал Astana Qazaqstan Team 21 сәуірде Бельгияда өтетін ең көне монументалды классикалық «Льеж-Бастонь-Льеж» жарысына қатысады. Команда сапынан Алексей Луценко, Антон Чармиг, Лоренцо Фортунато, Кристиан Скарони, Игорь Чжан, Симоне Веласко, Сантьяго Умба жарыс жолына шығады.
Сонымен қатар дәл сол күні Түркияда «Түркия президентінің туры» басталады. 21-28 сәуір аралығында өтетін көпкүндік жоғары санаттағы жарыс. Елордалық велокомандадан Давиде Баллерини, Марк Кавендиш, Макс Кантер, Харольд Мартин Лопес, Вадим Пронский, Рюдигер Зелиг, Николя Винокуров сынға түседі.