«Ордабасы» футбол клубының президенті Бауыржан Абдубаитов денсаулығына байланысты қызметінен кетті.
«Бауыржан Тойшыбекұлы клубқа қиын кезеңде келіп, екі жылдың ішінде Қазақстан Кубогы мен Қазақстан чемпиондығына жеткізді. «Ордабасы» ұжымы атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта табысының артып, жаңа жетістіктерге жетуіне тілек білдіреді. Бауыржан Тойшыбекұлы, көп рахмет!», — деп жазды шымкенттік футбол клубының баспасөз қызметі.
Қазақстан Премьер-лигасының өткен маусымында «Ордабасы» өз тарихында тұңғыш рет чемпион атанғанын айта кетейік. Осылайша, шымкенттіктер биылғы маусымда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастап, еуро додаларда өнер көрсетеді.
Президенттің кетуіне байланысты бірден бас бапкер мәселесі туындайды. «Ордабасымен» чемпион атанған Александр Седневті жұмысқа Бауыржан Абдубаитов шақырған болатын.
Шымкенттік клубтың жаңа президенті бас бапкерді ауыстыра ма? Бұл жағдайдың ықтималдығы жоғары. Ал, маусым айында «Ордабасы» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде тарихи дебют жасайды және жанкүйерлер қазақстандық клубтың Еуропа кубогына тиянақты дайындықпен барғанын қалайды.