13-25 мамыр аралығында Шымкентте Азия/Океания аймағы бойынша финалдық Juniors Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup іріктеу турнирлері өтеді. Жарысқа Азия/Океания аймағынан 16 жасқа дейінгі ең мықты жасөспірімдер қатысады.
Қыздар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына бірінші болып жолдама алады. Қазақстан, Аустралия, Қытай Тайпейі, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Малайзия, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан және Вьетнам құрамалары жолдаманы сарапқа салады.
Шымкенттегі Belline Arena ұлттық теннис орталығында жеребе тарту рәсімі өтті. Қазақстандық қыздар «А» тобында Жапония, Индонезия және Вьетнам құрамаларымен өнер көрсетеді. Бүгін, 13 мамырда Ярослава Шведова шәкірттері Вьетнам құрамасымен алғашқы кездесуін өткізеді.
Қазақстан намысын қорғайтындар:
- Ариана Гогулина (Астана)
- Альбина Кәкенова (Астана)
- Ева Корышева (Ақтөбе)
- Сатима Төреген (Алматы).
Капитан: Ярослава Шведова
Өткен жылы Дэвис Кубогында және Билли Джин Кинг кубогында қазақстандық жасөспірімдер сәтті іріктеуден өтіп, еліміздің теннис тарихында алғаш рет 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне өтті.
Әр турнирдің іріктеу кезеңінде төрт топқа бөлінген 16 команда өнер көрсетеді. Әр топтан екі үздік команда плей-офф кезеңіне өтеді. Олар командалық әлем чемпионатының жолдамаларын сарапқа салады. Биылғы жылы Азия/Океания елдерінен келген ұлдар мен қыздар арасында төрт жолдама сарапқа салынады. Яғни жартылай финалға шыққандар әлем чемпионатына автоматты түрде жолдама алады.
Айта кетейік,Billie Jean King Cup Juniors/Davis Cup Juniors — 16 және одан кіші жас тобындағы жасөспірімдер арасында теннистен Халықаралық теннис федерациясы (ITF) өткізетін басты командалық турнир.