Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Чехияда өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық кезеңінде үшінші рет жеңіліс тапты. Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері бұл жолы топ көшбасшысы Швециядан 1:3 есебімен ұтылды.
Жеңімпаз команда сапынан Маркус Йоханссон (11-минут), Линус Йоханссон (36-минут) және Фабиан Зеттерлунд (42-минут) гол соқты. Қазақстан құрамасы сапынан Әділ Бекетаев (46-минут) көзге түсті және оның соққысы осы турнирдегі жойқын соққылардың бірі болды.
«Қарсыластың басымдығына қарамастан, Қазақстан берілмеді. Евгений Рымаревтің пасынан Әділ Бекетаев қақпаға мінсіз соққы жасағды. Шайбаның жылдамдығы 162 км/сағ болды. Бұл турнирдің бүгінгі күнге дейінгі ең жойқын соққысы», — делінген IIHF шолуында.
Осы табысының арқасында Швеция құрамасы 12 ұпай жинап, В тобында бірінші орынды қамтамасыз етсе, 3 ұпайы бар қазақстандықтар жетінші орында тұр. Бұған дейін Қазақстан Францияны 3:1 есебімен ұтқан. Одан кейін Словакия (2:6) мен Латвияға (0:2) есе жіберді.
Айта кетейік, өз топтарында үздік төрттікке енген командалар плей-офф кезеңіне өтеді.
Қақпашы Никита Бояркин 41 соққыға тойтарыс беріп, кездесудің үздік ойыншысы деп танылды
Қазақстан – Швеция – 1:3 (0:1, 0:1, 1:1)
0:1 – 10:20 – Йоханссон М. (Бураковский, Броден)
0:2 – 35:08 – Йоханссон Л. (Фроден, Петерссон)
0:3 – 41:51 – Зеттерлунд (Лундстрем)
1:3 — 45:36 — Бекетаев (Рымарев, Старченко)
Қақпашылар: Бояркин – Эрссон
Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері әлем чемпионатындағы келесі ойынын ертең Германия құрамасына қарсы өткізеді. Матч Астана уақытымен 19:20-да басталады.