УЕФА-ның клубтық қаржылық қадағалау органы тиісті клубтық лицензиялау және қаржылық тұрақтылық ережелерінде белгіленген мерзімі өтпеген қарыз талаптарының сақталуын бағалауды аяқтады. Мерзімі өткен берешегі бар 13 клубқа әртүрлі санкциялар қолданылды (бұл қызметкерлерге, салық органдарына және т.б. болуы мүмкін).
2023/24 маусымындағы жарысқа қатысатын клубтардың төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптарды бағалау үш кезеңде – 2023 жылдың шілде және қазан айларында, сондай-ақ 2024 жылдың қаңтарында жүргізілді. Бұл бағалау кейбір клубтардың наурыз айында лицензия алу және УЕФА клубтық жарыстарына қатысу талаптарына сәйкес келмегенін анықтады.
Тексеру нәтижесі бойынша 13 клубтың 11-іне айыппұл салынды. Соның ішінде «Ордабасы» да бар. Шымкенттік ұжым 20 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
Сондай-ақ тексеру қорытындысы бойынша УЕФА талаптарын орындамағаны үшін Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов өнер көрсететін Түркияның «Адана Демирспор» командасын еуро додаларынан шеттетті. Санкция УЕФА жанындағы клубтарды қаржылық бақылау органынан келді.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Ордабасы ҚПЛ-да турнирлік кестеде 13 ұпаймен 4-орында келеді. Күні кеше шымкенттік команда «Ақтөбемен кездесіп, тең түсті.