IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) супер орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы, мексикалық Сауль Канело Альвареспен (61-2-2, 39 КО) жекпе-жекке дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Әлімханұлы 13 шілдеде Лас-Вегаста (АҚШ) жаңа зеландиялық Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) кездеседі. Қазақ боксшысы чемпиондық титулдарына қорғайды.
«Мен тек 13 шілдеге дайындалып жатқан жоқпын. Мен «Канелоға» дайындалып жатырмын!», — деп жазды Әлімханұлы өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында спарринг және украиналық боксшы Александр Усикпен кездесу видеосының астына.
Естеріңізге сала кетейік, Әлімханұлы соңғы рет өткен жылдың қазан айында АҚШ-та жекпе-жек өткізген. Ол уақытта неміс Винченцо Гуальтиериді (21-1-1, 7 КО) алтыншы раундта тізе бүктіріп, IBF чемпионы атағын жеңіп алған болатын.
Канело 2021 жылдың қараша айынан бастап барлық беделді дивизион титулдарына ие болған және содан бері абсолютті чемпион атағын төрт рет сәтті қорғады. Соңғы жекпе-жек 5 мамырда Лас-Вегаста (АҚШ) бұрын жеңіліп көрмеген отандасы Хайме Мунгияға қарсы өтті. Альварес Хаймені бір рет нокдаунға түсіріп, ұпай саны бойынша жеңіске жетті.