Футболдан Еуропа чемпионатында «А» тобындағы соңғы кездесулер өтті. Соңғы турда осы төрттіктен екінші орын алған команда анықталды. Бұл Франкфуртте Германиямен 1:1 есебімен тең ойнаған Швейцария құрамасы. Алғашқы голды 28-минутта швейцариялық шабуылшы Дан Ндойе соқты. Немістер екінші таймның негізгі уақытында шабуылшы Никлас Фюллькругтың дәл соққысының арқасында есепті теңестірді. Тең нәтиже Швейцарияға екінші орынмен келесі кезеңге өтуіне мүмкіндік берді. Команда үш кездесуде бес ұпай жинаған. Жеті ұпаймен Германия бірінші орынға шықты.
Штутгарттағы тағы бір топтық ойында Венгрия құрамасы 1:0 есебімен Шотландиядан жеңісті жұлып әкетті. Жалғыз гол екінші таймға қосылған оныншы минутта соғылды. Гол авторы венгриялық шабуылшы Кевин Чобот болды. Осылайша, үш кездесуде үш ұпай жинаған Венгрия үшінші орынға көтеріліп, плей-офф кезеңіне де шығу мүмкіндігіне ие болды.
Топтық кезең қорытындысы бойынша үшінші орын алған алты команданың ішінен төрт үздік команда іріктеліп, 1/8 финалға жолдама алады. Шотландия құрамасы үш кездесуде бір ұпай жинаған. Нәтижесінде А тобында соңғы болып, турнирді аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, турнир Германияда 14 маусым мен 14 шілде аралығында өтуде. Футболдан қазіргі Еуропа чемпиондары – Италия құрамасы.