Еркін күрестен 57 келі салмақта ақтөбелік спортшы Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды.
Күрес түрлері бойынша лицензиялық турнирлер легі аяқталғанына қарамастан, ресейлік спортшылардың олимпиадаға баруға бас тартуына байланысты United World Wrestling (Халықаралық күрес федерациясы) тізімді қайта қарап, квота берілген елдерді жариялады.
2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында Мейрамбек Заур Угуевке есе жіберген болатын. Одан кейін салмақ бойынша үздік бестікке лицензия берілді. Енді квоталар қайта бөлінгеннен кейін Қартбай Парижге жолдама алады.
«Олимпиадаға баруым мүмкін екенін сездім. Өйткені, Ресей құрамасының қатысу-қатыспауы әу бастан белгісіз болды. Сондықтан, жаттығуды бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Қазіргі таңда ұлттық құрамамен бірге Дағыстанда дайындалып жатырмын. Жолдама маған бұйырғанын естігенде, әрине, қуандым. Бірақ мен соңғы екі іріктеу турниріне қатысқан командаластарыма да тілеулес болдым.
Кілемде ғана қарсыласпыз. Өмірде бір- бірімізге жанашырмыз. Енді Париж додасы күтіп тұр. Олимпиадада оңай қарсылас жоқ. Бірақ мен бәрімен де күресіп көрдім, бәрінің де ыңғайын білемін. Бар күшімді саламын, қалғанын кілем көрсетеді», — дейді Қартбай.
Айта кетейік, Мейрамбек Қартбай 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, қазіргі таңда еркін күрестен 57 келі салмақта әлемдік рейтингте төртінші орында тұр.