16 шілдеде «Реал Мадрид» стадионы «Сантьяго Бернабеуде» Килиан Мбаппені клубтың жаңа ойыншысы ретінде таныстыру рәсімі өтеді.
Бұл шараның билеттері жоғары сұранысқа ие болғаны хабарланды. «Madrid Xtra» агенттігінің мәліметінше, билеттер тегін берілгендіктен, кезекте тұрғандар саны жүз мыңнан асады. Ал стадионның сыйымдылығы – 85 мың көрерменге ғана арналған.
Тұсаукесер келесі жоспар бойынша өтеді: «Сантьяго Бернабеу» стадионының қақ ортасында сахна орнатылады. Оған Мбаппе отшашулар дәлізі арқылы кіріп келеді. Дәл сол уақытта әзірге аты-жөні жарияланбаған атақты топтың музыкасы қосылады. Футболшыны 360 градустық көрінісі бар камера түсіреді.
Сахнада жаңадан келген ойыншыны «Реалдың» президенті Флорентино Перес пен клубтың құрметті президенті Хосе Мартинес Санчес күтеді. Жақын жерде орнатылған сахнада салтанатты іс-шараны Мбаппенің туыстары мен басқа да ресми қонақтары тамашалайды.
Айта кетейік, 3-маусымда «Реал Мадрид» Мбаппемен бес жылдық келісімге қол қойғанын хабарлады. Шабуылшы корольдік клубқа еркін футболшы ретінде ауысты.
Естеріңізге сала кетейік, Мбаппе 2017 жылдан бері «Пари Сен-Жермен» сапында ойнады, онымен алты рет 1-Лиганы, төрт рет Франция кубогын, үш рет Франция суперкубогын және екі рет Франция лигасының кубогын жеңіп алды.
Париждік ұжыммен жеті жылда Мбаппе 308 матчта 256 гол соғып, 108 нәтижелі пас берген. Осылайша клуб тарихындағы ең үздік бомбардир атанды. Бұған дейін француз футболшысы «Монако» сапында ойнап, сол командамен бірге Франция чемпионатын жеңіп алған еді.