Top Rank промоутерлік компаниясы WBO және IBF орта салмақтағы әлем чемпионы салмағын азайту кезінде қиындықтарға тап болғанын хабарлады.
Әлімханұлының жаңазеландиялық Андрей Михайловичке қарсы жекпе-жегі тоқтатылды. Лас-Вегастағы бокс кешінің басты оқиғасы жеңіл салмақтағы Раймонд Мураталла мен Тевин Фармер арасындағы жекпе-жек болмақ. Ал Жәнібекке байланысты кейінірек WBO мен IBF ресми мәлімдеме жасайды деп күтілуде.
Қазақстандық былғары қолғап шеберінің менеджері Эгис Климас Әлімханұлының қалай есінен танып қалғанын айтып берді:
«Кеше түнде (АҚШ уақыты бойынша 11 шілдеде) Жәнібек есін жоғалтты. Біз оны дереу Spring Valley медициналық орталығына жеткіздік. Сканерден бүйрегі зақымдалмағаны анықталды. Бірақ, Жәнібек салмақ қуу кезінде ағзаға су жетіспеушілігі салдарынан талып қалған және жекпе-жекке шығатын жағдайда емес», — деді Климас.
Сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлы мен оның командасы ресми мәлімдеме жасады:
«Мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмыз. Бұл өте ауыр жағдай. Жәнібек түні бойы ауруханада жатты. Қазір жағдайы қалыпты. Ең бастысы денсаулық. 2-3 айдан кейін қайта қалпына келіп, рингке оралады деп үміттенеміз», — деп боксшының командасы мәлімдеме жасады.
Естеріңізге сала кетейік, Әлімханұлы-Михайлович жекпе-жегі 14 шілде, жексенбі күні таңертең өтуі тиіс болатын. Қазақстандық былғары қолғап шебері WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы титулдарды қорғауы тиіс еді.