«Ордабасы» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі қарымта ойынын өткізді. Шымкенттік команда мен Молдова чемпиондары, Кишиневтің «Петрокуб» клубымен өткен кездесу алаң иелерінің минималды жеңісімен аяқталды — 1:0. 34-минутта жалғыз голды Теодор Лунгу соқты. Молдовалық жартылай қорғаушы айып алаңының сыртынан қақпа бұрышын дәл көздеді.
Матч аяқталған. Соң баспасөз жиыны өтіп, «Петрокубтың» бас бапкері Андрей Мартин матчқа байланысты өз пікірін білдірді.
«Бастапқыда «Петрокуб» пен «Ордабасы» тең дәрежедегі команда деп айттым. Мүмкіндік 50-де 50 болды. «Ордабасының» бюджеті бізден қанша есе көп екенін білмеймін. Бірақ, бұл ештеңені білдірмейді. Ойыншыларымыз екі матчта да өз эмоцияларын жеңіп, сапалы ойын көрсетті. «Петрокуб» келесі кезеңге лайықты өтті. Шымкенттік команданың еңбегін атап өту керек. Қарсыластарымызды жақсы ойынымен құттықтап, алдағы уақытта сәттілік тілеймін!», — деді Андрей Мартин.
Сонымен қатар ел чемпиондарының бас бапкері де ойынға байланысты өз пікірін білдірді.
«Ойындағы шабуылымыз нәтиже бермеді. Футболшыларымыз алаңда барын салды. Мұндай қателіктерге жол берген соң, еуропалық жарыста табысқа жетем деу қисынға келмейді. Әсіресе командалар деңгейі шамалас болса. Матчты жақсы бастаған сияқтымыз. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Менің ойыншыларға шағымым жоқ. Бұл Чемпиондар лигасының деңгейі үшін жеткіліксіз», — деді Александр Седнев.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте өткен алғашқы ойында гол соғылмай, командалар тең тарқасқан. Осылайша, «Ордабасы» екінші іріктеу кезеңінде «Клаксвик» (Фарер аралдары) — «Дифферданж» (Люксембург) арасындағы кездесуде жеңілген командасымен кездесіп, Конференция лигасында өнер көрсетеді.
Енді «Петрокуб» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде кипрлік АПОЭЛ командасымен ойнайды.