Путинцева Парижге ұшып барып, ойындарға белсенді дайындық жүргізді. Бірақ, өкінішке қарай украиналық Марта Костюкқа қарсы бірінші ойын алдындағы дайындық кезінде қазақстандық теннисші тізесінің қатты ауырғанын сезді. Қысқа медициналық тексеруден кейін матчтан бас тарту туралы шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті жеңген матчтан кейін Юлия тізесінің ауырып жатқанын айтқан болатын. Соған қарамастан ол Олимпиадаға дайындалып, барлық қажетті оңалту шараларынан өтті.
Осы орайда Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев орын алған жағдайға байланысты пікір білдірді:
«Париждегі Олимпиаданың басталуы біз үшін нағыз сынақ болды. Күні кеше Елена Рыбакина сырқатына байланысты жарыстан шығып қалса, бүгін біздің командадан жарақатына байланысты Юлия Путинцева ойындарға қатыса алмайтын болды. Екі спортшының да өнеріне үлкен үміт арттық. Елена да, Юлия да Олимпиадада өнер көрсете алмағандарына қынжылады. Біз жанкүйерлерге өтініш білдіріп, осындай қиын кезеңде барлық ойыншыларымызға қолдау көрсетулерін сұраймыз. Қиындықтарға қарамастан жаңа жеңістерге ұмтылатын боламыз», — деді Диас Досқараев.