Монреальда Masters сериялы ATP-1000 Canadian open турнирі басталды.
ATP турнирлерінің үздік ойыншыларының көпшілігі Канаданың ашық чемпионатына қатысу үшін Монреальда бас қосты. Турнир бұл жолы Олимпиада қатысушыларына бабына келуге уақыт беру үшін сейсенбіде басталды.
Новак Джокович пен Карлос Алькарас турнирге қатыспауды жөн санаған. Новак финалда Карлосты жеңіп, жексенбіде 4 тамызда өткен Олимпиаданың финалында алтын медалін жеңіп алды. Олар келесі аптада Цинциннатидегі Мастерс турнирінде кортқа қайта оралады. Әлемнің қос үздік теннисшісі бәсекеге түспейтін кезде Канаданың ашық чемпионатында кім жеңіске жетеді?
Сонымен фавориттер арасында Каспер Рууд, Тейлор Фриц, Даниил Медведев, Александр Зверев, Янник Синнер бар.
Еліміздің атынан аталмыш турнирде Александр Бублик өнер көрсетуде. Ол жұптық сайыста бірінші айналымдағы кездесуін өткізді. Алғашқы матчында Бублик пен америкалық теннисші Бен Шелтон Харри Хелевоаара (Финляндия)/Генри Паттен (Ұлыбритания) дуэтін 7:6, 2:1 есебімен ұтты. Екінші сетте Харри мен Генри тандемі жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Матчтың ұзақтығы 1 сағат 6 минутты құрады.
Екінші айналымда Бублик пен Шелтон Янник Синнер (Италия)-Джек Дрейпер (Ұлыбритания) жұбымен ойнайды.
Жекелей сында Александр Бублик (25 ATP) бірінші айналымда серіктесі Бен Шелтонға (14 ATP) қарсы кортқа шығады. Ойын Монреальдағы орталық кортта Астана уақытымен ертең 00:00-да басталады.
Айта кетейік, Париждегі Олимпиадада Александр Бублик алғашқы кездесуінде-ақ жеңілген болатын.