Ақмарал Науатбек — XVII жазғы Паралиампиада ойындарының жеңімпазы атанды. Ол пара дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдесіп, Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды. Финалда ол франциялық Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтыннан алқа тақты.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбекті құттықтады
«Ақмарал Науатбекті Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Сіз ел мерейін асырып, спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйладыңыз. Қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ең мықты қарсыластарыңыздан басым түстіңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!» – деп жазды Президент өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Нұрдәулет Жұмағали күміс медаль иеленді. Айта кетейік, финалға дейінгі іріктеуде қазақстандық спортшы Азия рекордын орнатқан еді. Жұмағали спорттық мансабында екінші рет Паралимпиада жүлдесін алып отыр. Токио ойындарында қазақстандық спортшы қола медаль жеңіп алған болатын.
Осылайша Парижде паралеттеріміз әзірге бес медаль еншіледі: Давид Дягтерев (пауэрлифтинг) Ақмарал Науатбек (дзюдо) Еркін Ғаббасов (нысана көздеу) Нұрдәулет Жұмағали (жүзу) Дастан Мұқашбеков (жеңіл атлетика – ядро лақтыру).