Бокстан Амманда өтетін Азия чемпионаты қарсаңында қазақстандық боксшылар салмақ ауыстырды. Махмұд Сабырхан биыл Парижде өткен Олимпиада ойындарында 57 келі салмақ дәрежесінде нәтижелі өнер көрсете алмаған соң, 54 келіге қайта оралуды ұйғарған. Ал бүгін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болып сайланған Айбек Оралбай 92 келіден аса ауыр салмаққа (+92 келі) көтеріледі. Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақтан 92 келіге түсті.
Бұл туралы құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Азия чемпионатына ең мықты деген боксшыларды апарамыз. Құрлық додасы қарсаңында біраз боксшының салмақ дәрежесі ауыспақ. 48 келіде Санжар Тәшкенбай мен Теміртас Жүсіпов, 51 келіде Сәкен Бибосынов пен Дамир Әбдіхалықов арасында өзара мықты атанған боксшыларға басымдық береміз.
Махмұд Сабырхан да 54 келіде күш сынап көретінін айтты. Серік Теміржанов 60 келіге, Айбек Оралбай +92 келіге ауысып жатыр. Қамшыбек екеуін бақылаймыз, егер Қоңқабаевтың салмағы аздау боп жатса, 92 келіге түсірерміз. Мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Салмақ бойынша осындай жаңалықтар бар», — деді бапкер.
Азия чемпионаты 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Иордания астанасы Амман қаласында өтеді.