Қазақстандық балалар Испанияның «Атлетико Мадрид» клубының Алматыдағы футбол академиясында жаттыға алады.
Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту және балалар мен жасөспірімдер футболын насихаттаудың маңыздылығы туралы айтқан жолдауына сәйкес DOSCAR GROUP Қазақстан Республикасының Испаниядағы Елшілігімен бірлесіп, 2023 жылы Испанияның Атлетико Мадрид футбол клубымен келіссөздер жүргізді.
Бір жылдан астам уақытқа созылған келіссөздер 10 жыл мерзімге келісім-шартқа қол қоюмен аяқталды. Академия Талғар қаласындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығының базасында салынады және мұндай дәрежедегі Орталық Азиядағы бірінші футбол орталығы болмақ.
DOSCAR GROUP өкілдерінің айтуынша, жыл бойы испан клубының басшылығымен белсенді келіссөздер жүргізілді. Бұл жобаға қатысуға барлық мүдделі тұлғаларды тартуға мүмкіндік берді. 2024 жылы Қазақстанда Атлетико Мадрид жастар академиясын құру туралы тарихи келісімге қол жеткізілді. Бұл ТМД және Орталық Азиядағы испаниялық клубтың алғашқы ресми академиясы болмақ.
«Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо 2024 жылдың маусым айында Қазақстанға келіп, жобаны талқылау үшін мемлекет басшысымен кездескен болатын. Оның нәтижесі келісім-шартқа қол қойылды. Сооған сәйкес академия «Ақбұлақ» Олимпиада орталығының аумағында орналасады. Академия болашақ нағыз футбол жұлдыздарын дайындайтын орталық болады деп уәде береді.
«Атлетико Мадрид Қазақстан» академиясы алдына үлкен мақсаттар қойып, әлемдік футбол қауымдастығы мойындаған әдістерге негізделген жоғары сапалы футбол білімін беруді көздеп отыр. Испаниядан келген кәсіби жаттықтырушылар әр оқушымен жеке жұмыс жасап, олардың техникалық және тактикалық дағдыларын дамытады.
Академияның негізгі жаттықтырушылар құрамы Испаниядан келген сертификатталған мамандардан құралады. Бұл дайындықтың жоғары деңгейіне сәйкестікке кепілдік береді. Қазақстан Республикасының және Орталық Азияның барлық аймақтарынан ең дарынды балаларды анықтау үшін испаниялық жаттықтырушылар мен мамандар тікелей іріктеу жүргізетін болады.
Бұл академияда Қазақстанның барлық аймағынан келген балалар білім алып, жаттыға алады. Кейбір студенттер тегін оқуға грант алады. Үздік студенттер Испаниядағы «Атлетико Мадрид» клубында оқуын жалғастырудың бірегей мүмкіндігіне ие болады. Бұл олардың халықаралық аренадағы көкжиегін одан әрі кеңейтеді.
Академия заманауи оқу-жаттығу базасымен жабдықталады: табиғи және жасанды жабын төселген алаңдар, заманауи спорт залдары, мультимедиялық кабинеттер, оңалту орталықтары, киім ауыстыратын кең бөлмелер, демалыс орындары, қонақ үй кешені және жас футболшыларға арналған жатақхана. Жас спортшылардың халықаралық жарыстарға бейімделуіне жағдай жасау үшін академияда ағылшын және испан тілдерін үйрету курстары ұйымдастырылады. Мұның барлығы болашақ футбол жұлдыздарын өсіруге оңтайлы жағдай жасайды.
Осы орайда Атлетико Мадридтің Академияны дамыту және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Эмилио Гутьеррез Болоуза пікір білдірді.
«Біздің академияның Қазақстанда ашылуы – жай ғана оқиға емес. Бұл футбол әлеміндегі нағыз революция екеніне сенімдіміз. Қазақ балаларының әлеуеті орасан зор және біздің академия ұлы футболшылар дүниеге келетін орын болады. Біз елдегі футбол деңгейін жаңа биіктерге көтеру үшін әдістемемізді, тәжірибемізді және жеңіске деген тынымсыз ұмтылысты осында әкелеміз», — дейді Эмилио Гутьеррез Болоуза.
Жоғарыда аталған келісімге DOSCAR GROUP компаниясының, Қазақстан Республикасының Испаниядағы Елшілігінің, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстан футбол федерациясының, Испания Республикасындағы Елшілігінің қолдауының арқасында қол жеткізілді. Сондай-ақ бұл «Sport Asset Management» ҮЕҰ мен «Атлетико Мадрид» футбол клубының бірлескен күш-жігері.
«Атлетико Мадрид Қазақстан» академиясының ашылуы 2025 жылға жоспарланып отыр. Аталмыш жоба Қазақстанның және Орталық Азиядағы футболдың дамуына қуатты серпін болады, елдің жас таланттарын баптау үшін зор мүмкіндіктер береді.