Toyota Motor автомобиль өндіруші корпорациясы Париж ойындары аяқталғаннан кейін Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК) демеушілік келісімшартын ұзартпау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Toyota президенті Акио Тоеда мәлімдеді.
«Парижден кейін ХОК-пен серіктестікті ұзартпаймыз деп шештік. Шынымды айтсам, мен олардың шын мәнінде адамдарды бірінші орынға қоюға ниетті екеніне сенімді емеспін», — деді Акио Тоеда.
Бұл ретте Тоеда Олимпиадаға және Паралимпиадаға қатысқан спортшыларға, сондай-ақ Паралимпиада ойындарына қаржылық қолдау көрсетуді жалғастыруға уәде берді.
Toyota-мен 835 миллион долларлық келісімшарт 2015 жылы жасалған кезде ХОК тарихындағы ең үлкен келісім болды. Ол Пхенчхандағы 2018 жылғы Қысқы ойындардан басталып, жақында аяқталған 2024 жылғы Париждегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дейін жалғасатын төрт Олимпиаданы қамтыды.
Енді Toyota өнімдерінде қолданылатын Олимпиада логотиптері алынып тасталады. 2014 жылдан бері Олимпиадаға демеушілік жасап келе жатқан жапон шина өндірушісі Bridgestone де ХОК-пен келісімін ұзартпайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Panasonic серіктестіктен бас тартқан.
Japantoday хабарлауынша, үш ірі компаниямен серіктестік тоқтағаннан кейін ХОК жапониялық демеушілерсіз қалды. Ұйым енді Таяу Шығыс пен Үндістанда демеушілік табыстың жаңа көздерін табуға көңіл бөлуі мүмкін.
Panasonic, Toyota және Bridgestone TOP (The Olympic Partner) бағдарламасы бойынша ХОК-пен премиум серіктестікке кірген 15 компанияның қатарында болды.
Айта кетейік, «Тойота Мотор Қазақстан» компаниясының аймақтық өкілі соңғы жеті жылда Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің сенімді серіктесі болды. Аталмыш компания биыл наурыз айында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитеттің күнделікті ұйымдастыру жұмыстарына арнап бес Toyota көлігін сыйлаған болатын.