Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасы аясында тоғызыншы алаңды қолданысқа берді. Кезекті ауқымды жұмыс Балқаш қаласындағы «Металлург» стадионында жүргізілді. Қазіргі сәтте халықаралық стандартқа сай бұл футбол алаңында 900-ге жуық жеткіншек спортпен айналысады.
Салтанатты ашылуға Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов және футбол ардагерлері қатысты. Сонымен қатар іс-шарада жобаның амбассадоры – ұлттық құраманың экс-капитаны Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді. Сондай-ақ, жас футболшылар ҚФФ мен жоба серіктестерінен сыйлық та алды.
«Мемлекет басшысының балалардың спортпен айналысуына жағдай жасап, халқымыздыңденсаулығын жақсарту жайлы тапсырмасы бар. Сондықтан біз басты назарды бұқаралық спортқа аударуымыз керек. Бұқаралық футболсыз кәсіби футбол да дамымайды. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда осындай алаңдарды ашып, бұқаралық футболды дамыту. Алдағы уақытта балалар орталығы, академия ашып, футболымыздың деңгейін көтеру бойыншажоспарымыз бар», — деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, «Металлург» стадионындағы жасыл алаңының жөндеу көрмегеніне 17 жыл болды. Енді «ALAÑ» жобасы арқасында италиялық сападағы төсеніш төселді. Алаңның сапасын Балқаш қаласы мен «Қазақмыс» компаниясының ардагерлері тексеріп, жолдастық ойын өткізді.
Жалпы «ALAÑ» жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Ал келесі аптада Жезқазған қаласында кезекті алаң берілу жоспарда бар.